Футбол
Бүгін 10:58

"Бұл сандырақты доғарыңдар". Белгілі футболшы Кейнге айтылған сын жайлы

©depositphotos/operations@newsimages.co.uk

"Пари Сен-Жермен" клубының бұрынғы ойыншысы Жером Ротен "Алтын доп"-2026 жүлдесінің иегері, "Бавария" шабуылшысы Харри Кейн туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Ротеннің пікірі

"Оның ойыны әсерлі емес деп айтуды доғарыңдаршы... Нағыз футбол жанкүйерін не таңғалдыруы керек? 73 гол соқты. Осы 73 голымен сендерді таңғалдырмады деп ойлайсыңдар ма? Иә, оның шамамен 20-сы пенальтиден соғылды. Бірақ пенальтиді де голға айналдыру керек қой. Бұл сәтте ол суыққанды әрекет етеді. Бұл оның тиімділігін, футболдық интеллектін және жаттығудағы еңбегін көрсетеді. Қалай болғанда да, бұл - техникалық шеберліктің бір бөлігі. Оның үстіне, ол ойын кезінде де нағыз ғажайып голдар соқты. Міне, футбол эстетикасының бір қыры осы. Оның нәтижелі пастары туралы да дәл осылай айтуға болады.

Бенземамен салыстыру әбден орынды. Мұндай ойыншылардың бойында ерекше қасиет бар. Футболдық интеллект тұрғысынан олар көптеген ойыншыдан ақылдырақ. Олар футболды сырт көзге өте қарапайым етіп көрсетеді. Олардың ойынын бақылағанда, допты мінсіз қабылдауын, дәл немесе дер кезінде берген пасын көресің... Ал біз мұның қаншалықты қиын екенін жақсы білеміз. Бірақ мұндай ойыншылар үшін бұл - мінсіздік.

Мен бірге ойнаған ең ұлы футболшы - Зинедин Зидан. Оның ойынын, қимыл-қозғалысының әсемдігін көргенде, футбол ойнау өте оңай екен деп ойлайсың. Ол шын мәнінде өте қиын әрекеттерді қарапайым етіп орындайтын. Кейн де дәл осындай шеберлік көрсетіп тұрады. Сондықтан кейбірінің Харридің ойыны шабыттандырмайтынын немесе "Алтын допты" басқа лайықты үміткер болмағандықтан алғанын айтқаны маған ұнамайды. Осындай сандырақты доғарыңдаршы. Бұлай айтуға болмайды", - деп береді Ротеннің сөзін Consultants Foot басылымы.

Еске салайық, марапаттау рәсімі 26 қазан Лондонда өтті. Кейн ағылшын футболындағы 25 жылдық үзілісті тоқтатты. Бұған дейін "Алтын допты" алған соңғы ағылшын футболшысы 2001 жылы Майкл Оуэн иеленген болатын.

Кейн бұл марапатты жеңіп алған Англия тарихындағы бесінші футболшы атанды. Бұған дейін бұл жетістікке тек аңыз ойыншылар Стэнли Мэттьюз, Бобби Чарльтон және Кевин Киган қол жеткізген.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport