Бүгін, 15 шілдеде футболдан Қазақстан кубогының алғашқы жартылай финалдық матчында шымкенттік "Ордабасы" клубы өз алаңында Өскеменнің "Алтайымен" ойнайды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Шымкентте өтеді. Матч Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ, трансляция арнаның ресми сайтында да қолжетімді болады.
Жартылай финалға дейін "Ордабасы" "Академия Онтүстік" клубын (4:2), "Каспийді" (3:0) және "Жетісуды" (1:0) ұтқан болатын.
Ал "Алтай" өз кезегінде "Желаев Нанды" (2:0), "Ұлытауды" (4:3) және "Ақтөбені" (1:1, пенальти сериясында – 4:3) жарыс жолынан шығарды.
Қарымта кездесу 19 тамызда Өскеменде өтеді.
Қазақстан кубогының екінші жартылай финалында "Қайсар" мен "Жеңіс" кездеседі. Бұл жұптың матчтары 29 шілде және 19 тамыз күндеріне жоспарланған.