29 маусымда 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалы аясында Бразилия мен Жапония құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Vesti.kz.
Матч АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді және Астана уақытымен 22:00-де басталады. Кездесуге италиялық төреші Маурицио Мариани қазылық етеді.
Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, трансляция арнаның ресми сайтында да қолжетімді болады.
Бразилия мен Жапония топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтады. Алайда Карло Анчелотти шәкірттері өз тобында бірінші орынмен плей-оффқа шықса, Хадзимэ Мориясу баптайтын Жапония құрамасы келесі кезеңге екінші орынмен жолдама алды.
Еске салайық, плей-оффтың алғашқы матчында Канада құрамасы Оңтүстік Африканы 1:0 есебімен ұтты. Жеңіс голын Стефан Эуштакиу қосымша уақыттың 90+2-минутында соқты.