Футбол
14 қыркүйек 2021 17:16

Бүгін "Астананың" бұрынғы жеті қарсыласы Чемпиондар Лигасында ойнайды. Олар қай клубтар еді?

©sb.by

"Астананың" бұрынғы жеті қарсыласы Чемпиондар Лигасында ойнайды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Бүгін УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы матчтар өтеді. Олардың арасында әр жылдары "Астана" клубымен еурокубоктерде жолдары түйіскен командалар бақ сынайды. Ендеше В тобынан бастасақ.

В тобы

Бұл топта "Милан", "Атлетико" (Мадрид), "Ливерпуль" және "Порту" клубтары жайғасқан. Әрине, қағаз жүзінде фаворит "Ливерпуль" мен испаниялықтар екені белгілі. Дегенмен, плей-офф раундына "Милан" мен "Портудың" шығу мүмкіндігі зор. Естеріңізде болса, 2015/16 жылғы Чемпиондар Лигасының С тобында "Астана" мен "Атлетико" (Мадрид) ұжымдары кездескен. "Астана Аренадағы" кездесу 0:0 есебімен аяқталғанын жанкүйер қауым әлі ұмыта қоймаған шығар.

С тобы

С тобында "Аякс", "Бешикташ", "Боруссия" (Дортмунд) және "Спортинг" (Лиссабон) командалары өзара мықтыны анықтайды. Бұл топтың ойындарын тамашалайтын көрермен португалиялықтарды еріксіз еске алары сөзсіз. Себебі, 2017/18 жылғы Еуропа Лигасының 1/16 финалында "Астана" мен "Спортинг" кездескен еді. Қазақ жеріндегі матчта пиренейліктер 1:3 есебімен жеңсе, қарымта кездесу 3:3 нәтижесімен аяқталған болатын. Соңғы секундтарда Дмитрий Шомконың соққан голына "Жозе Алваладе" стадионына жиналған жанкүйер қошемет көрсеткен.

Е тобы

Е тобының марқасқалары "Бавария" мен "Барселона" екені белгілі. Ал "Бенфика" мен "Динамо" (Киев) клубтары басты ұпай таратушылар. Себебі, біздің жігіттер де кезінде соңғы екі ұжымнан ұпай еншілеген. Дәлірек айтсақ, 2015/16 жылғы Чемпиондар Лигасының С тобында "Астана" өз алаңында әйгілі "Бенфикамен" тең түскен. Есеп 2:2. Одан бөлек, 2018/19 жылғы Еуропа Лигасының К тобында Киевтің төріндегі "Олимпийский" стадионында сол кездегі Григорий Бабаянның шәкірттері 2:2 есебімен тең түскен. Сонымен қатар, "Астанадағы" қарымта матчта 0:1 нәтижесімен украиндар жеңісті тойлап еді. Бірақ, 90 минуттың қорытындысы бойынша алаң иелері қақпаға 23 соққы жасағанын спорт сүйер қауым жақсы біледі.

F тобы

"Аталанта", "Манчестер Юнайтед", "Вильярреал", "Янг Бойз". Швейцариялықтардан бастасақ. 2016/17 жылғы футбол маусымында Станимир Стоилов ойыншылары Еуропа Лигасының тобында "Янг Бойзбен" өзара мықтыны анықтады. Қонақтағы матчтың нәтижесі 3:0. Бірақ үйдегі матчта "Астана" қарсылық көрсетті. Ұтылмады. Есеп 0:0. "Вильярреалмен" жерлестеріміз төрт рет кездесті. Алғашқысы сонау Стоиловтың елордаға келген жылымен байланысты. 2013/14 жылғы біріншілікте "Астана" алғаш рет іріктеу турнирінің плей-офф раундына дейін жетті. Сол жылы испаниялықтар өз алаңында 3:0, сыртта 0:4 есебімен ұтып кеткен. Кейін 2017/18 жылы қос ұжым бір топта қайта жолдары түйісті. Бұл жолы да "Вильярреал" екі ойында басым түсті. Бірақ екеуінде де елордалықтар гол соға алды. "Астана Аренада" 2:3 және қонақта 3:1. Ал әйгілі "қызыл сойқандармен" болған айқасты Роман Григорчукпен байланыстырамыз. Украиналық (баспасөз мәслихаттарында басынан сөз асырмайтын, ауыр сынды қабылдай алмайтын) маманның тұсында, дәлірек айтсақ, 2019/20 жылы L тобында кездесті. "Олд Траффорда" 0:1 ұтылсақ, "Астана Аренадағы" 30 мың жанкүйердің алдында Дмитрий Шомко алдымен таразы басын теңестірсе, артынша Ди Шон Бернард автогол авторы атанды. Қорытынды есеп 2:1. Тарихи жеңіс.

Міне, әр жылдары еліміздің атынан Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигаларында жүйелі түрде доп тепкен "Астана" ел абыройын асқақтатқан еді. Бүгінгі таңда ол "Астананың" жағдайы мәз емес. Әзірге ішкі біріншілікте екінші орында келеді. Ал биыл жалауы желбіреген Конференция Лигасының үшінші айналымында жылдық бюджеті 1 млн еуродан әрең асатын Финляндияның КуПС-на масқара болып ұтылған болатын. Дегенмен, соңғы жылдары қазақ футболының мерейін кәрі құрлық алаңдарында дәріптеген "Астанаға" алғыс айтамыз!  

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport