«Брюгге» клубының бас бапкері Иван Леко Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі матч алдында командасының дайындығын бағалап, «Қайрат» жайлы пікір білдірді. Командалар арасындағы кездесу 20 қаңтар «Астана Арена» стадионында өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
47 жастағы хорватиялық маман үшін бұл «Брюггеге» тағайындалғаннан кейінгі Чемпиондар лигасындағы екінші ойын болмақ. Ол желтоқсан айында қызметінен босатылған Ники Хайеннің орнын басқан еді.
— Біз ойыншылардың ұзақ ұшудан, уақыт белдеуінің айырмашылығынан және жергілікті ауа райынан зардап шекпеуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Ұйымдастыру деңгейі көңілімнен шығып отыр — барлығы мүмкіндігінше тез бейімделуге ұмтылуда. Біз екі күн бұрын келдік, бұл үйренісуге уақыт береді. Ертең команда жақсы формада болады деп сенемін.
— Біраз уақыт ойын өткізбеген командаға қарсы дайындалу қиын ба?
— Әрине, қиын. Көбірек жаңалық оқуға, олардың қатысуымен өткен жолдастық матчтарды көруге тура келеді. Біз негізінен өз күшімізге, өз білімімізге назар аудардық - жақсы формада болу үшін. Алайда жеңіске жету үшін ерік-жігер, жауапкершілік және әр ойыншының жеке қатыстылығы қажет. Өйткені ертең қарсыластан не күту керегін нақты білмейміз. Кез келген сценарийге дайын болуымыз керек.
— Құрамда шығындар бар, жарақат алғандар да жеткілікті...
— Біз тиімді әрі сапалы ойын көрсетпекпіз. Чемпиондар лигасындағы былтырғы тәжірибеміз бар. Мен командама сенемін, ал клуб басшылығы ұжымды күшейту үшін бар күшін салып жатыр. Менің міндетім — ертең команда ең жақсы қырынан көрінуі үшін барлық жағдайды жасау.
— Дастан Сәтбаевтың жазда «Челсиге» ауысатынын білесіз бе?
— Иә, сіздердің жас футболшыларыңыздың бірі «Челсимен» келісімшартқа отырғанын білеміз, бұл өте керемет жаңалық. «Қайратта» талантты ойыншылар көп, ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар мен легионерлер жеткілікті. Бұл — белгілі бір деңгейде аралас әрі қауіпті құрам, сондықтан бізге қиындық туғызуы мүмкін.
Айта кетейік, «Брюггенің» жалпы кезеңдегі алты турдан кейін 4 ұпайы бар. Плей-оффқа шығу үшін бельгиялық клуб соңғы екі матчта барынша көп ұпай жинауы тиіс. Ал «Қайраттың» еншісінде небәрі 1 ұпай, яғни, алматылық команданың плей-оффқа шығу мүмкіндігі жоқ.
Жарнама