"Бірінші гол бізге өте жақсы көмектесті". Нұркен Мәзбаев "Тараз" бен "Ақтөбе" матчы жайлы
"Тараз" бас бапкері "Ақтөбемен" өткен ойын жайлы пікір айтты, деп жазады Vesti.kz тілшісі клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.
"Тараз" бас бапкері "Ақтөбемен" өткен ойын жайлы пікір айтты, деп жазады Vesti.kz тілшісі клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.
— Ойынды өздеріңіз көрдіңіздер, меніңше, сегіз турдағы ойындардың ішіндегі ең жақсы матчымызды көрсеттік. Ойынның басынан бастап бәрі біз ойлағандай өрбіді. Бұл әрине бірінші кезекте біздің ойыншылардың үлкен еңбегі. Өйткені олар алғашқы минуттан соңғы тоқсан бесінші минутқа дейін концентрация жоғалтпай, өздерінің бар күш-жігерін салды. Сондықтан мұндай ойынмен біздің болашағымыз жарқын деп ойлаймын. Ойын бойынша айтсақ, "Ақтөбеде" биыл жақсы ұжым жиналғанын білесіздер. Тәжірибелі ойыншылар көп. Ойын тізгінін олар да бергісі келген жоқ. Ең бірінші гол бізге өте жақсы әрі уақтылы көмектесті. Ал екінші голдан кейін олар шабуылға көп шыға бастады, біз қарсы шабуылмен ойнадық. Есепті ұлғайтатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ осы нәтижеге де шүкіршілік айтамыз. Барлық жамбылдық жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын.
- Жорже Элиастың алаңға шықпауының себебі неде?
- "Ақсумен" өткен ойында ол жарақат алып, кездесуде алмастырылған болатын. Қазір қайта қалыпқа келу кезеңінен өтіп жатыр.
- 8 турдан соң турнир кестесінде үздіктер қатарынан көрінеміз деген ой болды ма?
- Чемпионат басында бізден маусымдағы мақсат туралы сұраған болатын. Ең негізгісі - бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау. Көп нәрсе өзімізге байланысты. Бірақ сәттілік пен сәтсіздік факторлары бар екенін де ұмытпау керек. Мысалы, "Атыраумен" өткен ойында сәттілік жетіспеді. Бастысы бүгін маңызды үш ұпай қоржынға түсті. Матч алдында жеңіске жеткен жағдайда үштік қатарында болатынымызды да ойладық. Өзіңе сенімді болу - өте маңызды.
Жарнама