Футбол
Бүгін 09:06

Бразилия енді бірінші емес. Германия ӘЧ рекордын жаңартты

©x.com/DFB_Team

Германия құрамасы футболдан әлем чемпионаттары тарихындағы жаңа рекордтың иесі атанды, деп хабарлайды Vesti.kz

Юлиан Нагельсман баптайтын команда ӘЧ-2026 турнирінің Е тобындағы алғашқы матчында Кюрасаоны 7:1 есебімен ойсырата жеңіп, тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Осы кездесуден кейін немістердің әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдеріндегі гол саны 239-ға жетті. Бұл – мундиаль тарихындағы ең үздік нәтиже.

Осылайша, Бундестим ұзақ уақыт бойы көш бастап келген Бразилия құрамасын артта қалдырды. Оңтүстік америкалықтардың еншісінде әзірге 238 гол бар.

Алайда бұл бәсекеде жағдай әлі өзгеруі мүмкін. Себебі Германия да, Бразилия да әлем біріншілігіндегі алғашқы матчтарын ғана өткізді. Сондықтан алдағы ойындарда рекорд бірнеше рет жаңаруы ғажап емес.

Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр.

Биылғы мундиаль тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен ұйымдастырылуда. Командалар төрт құрамадан 12 топқа бөлінген.

Плей-офф кезеңіне әр топтан алғашқы екі орын алған құрамалар тікелей жолдама алады. Сонымен қатар, үшінші орын иеленген командалардың ішіндегі ең үздік сегіз құрама да келесі кезеңге өтеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport