Футбол
Кеше 21:48

Бразилия ӘЧ-2026-ның 1/8 матчы алдында көшбасшы ойыншыдан айырылып отыр

©

Бразилия құрамасының жартылай қорғаушысы Лукас Пакета 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының қалған бөлігіне қатыса алмауы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.

28 жастағы футболшы 1/16 финалдағы Жапонияға қарсы өткен матчта жарақат алды. Бразилия 2:1 есебімен жеңіске жеткен кездесудің бірінші таймынан кейін Пакета алаңда ауыстырылды. Кейінгі медициналық тексеріс оның сол жақ жамбасының артқы бұлшықетіне зақым келгенін растады.

UOL мәліметінше, жарақат бастапқыда болжамнан ауыр болып шыққан. Дәрігерлердің болжамы бойынша, футболшының толық қалпына келуіне үш-төрт апта қажет. Бұл Пакетаның әлем чемпионатының қалған матчтарын өткізіп алуы мүмкін екенін білдіреді.

Соған қарамастан, Бразилия құрамасының бапкерлер штабы оның турнирге қайта оралу мүмкіндігін әлі де жоққа шығармай отыр. Егер команда 19 шілдеде өтетін финалға дейін жетсе, Пакета теориялық тұрғыда қатарға қосылып үлгеруі ықтимал.

Осы себепті жартылай қорғаушы құрамнан шығарылған жоқ. Ол ұлттық команданың орналасқан жерінде қалып, медициналық штабтың бақылауымен ем қабылдайды.

Пакета өнер көрсететін "Фламенго" клубы да футболшының жарақаты туралы хабардар етілген.Бразилия футбол конфедерациясы (CBF) ойыншының жарақат алғанын ресми түрде растады, алайда нақты қалпына келу мерзімін жарияламады.

"Сейсенбі күні Лукас Пакета медициналық тексерістен өтті. Нәтижесінде оның сол жақ жамбасының артқы бұлшықетіне зақым келгені анықталды.

Футболшы ұлттық құраманың медициналық штабының бақылауымен қарқынды ем қабылдайды. Мақсат – оны мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіріп, жаттығу процесіне қайта қосу", – делінген CBF мәлімдемесінде.



 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport