Испания чемпионатының кейінге қалдырылған төртінші турында "Барселона" қонақта "Севильяны" ұта алмады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
"Рамон Санчес Писхуан" атындағы орталық стадиондағы матч 1:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 32-минутында алаң иелері сапында Алехандро Гомес есеп ашты. Ал "блауграна" болса 45 минутта таразы басын теңестірді. Гол авторы Рональд Араухо.
Ойынның 64-минутында "Севилья" сапында дөрекі ойнаған Жюль Кунде қызыл қағаз алып, командаластарын қиын жағдайда қалдырып кетті. Соған қарамастан, кездесу соңына дейін таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Турнир кестесінде Лопетеги шәкірттері 38 ұпаймен екінші орнын сақтап қалса, "Барселона" 28 ұпаймен жетінші орынға жайғасты.