Босния және Герцеговина құрамасы туралы не белгілі? Қазақстанның келесі қарсыласы өз алаңында 10 жыл ұтылмаған

©сурет: stadiums.at.ua

7 қыркүйекте Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Босния және Герцеговина ойыншыларымен кездеседі, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

Босния және Герцеговина құрамасы Қазақстанның УЕФА-ғы 41 қарсыласы атанбақ. Осыған дейін қос ұжым халықаралық аренада бір-бірімен кездеспеген. Осы орайда екі құраманың тағдыры бір-біріне ұқсас деуге негіз бар. Себебі, Қазақстан ФИФА-ға 1994 жылдан бері мүше. Салыстырмалы түрде Босния және Герцеговина командасы Халықаралық Футбол Федерациясына 1996 жылдан бері ремси түрде тіркелген.

Қазіргі таңда Босния және Герцеговина құрамасы ФИФА рейтингінде 58 орында тұрса, Қазақстан ойыншылары әзірге 124 орынға жайғасқан. Балқандықтар аталмыш рейтингте ең үздік көрсеткішті 2013 жылы тіркеді. ӘЧ-2014 алдында босниялықтар 13 орынға дейін көтерілді.

Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең жақсы нәтижені 2016 жылы қыркүйек айында тіркеген еді. Ол кезде "қаршығалар" 83 орын иеленген болатын.

Босния және Герцеговина ойыншыларының трансферлік құны 87,30 млн еуроны құрайды. Ең бағалы ойыншысы – Миралем Пьянич. "Бешикташ" жартылай қорғаушысын өз командаңызда көргіңіз келсе, небәрі 20 млн еуро төлесеңіз жеткілікті.

Қазақстан командасының трансферлік құны 22,05 млн еуро. 3,50 млн еуро тұратын ЦСКА футболшысы Бақтияр Зайнутдинов құраманың ең бағалы "гауһары" болып табылады.

Балқандықтар өз тарихында тұңғыш рет 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысты. Топтық кезеңде Аргентина, Нигерия және Иран командаларымен кездесіп, 3 ұпай еншілеп плей-оффқа шыға алмады. Бірақ халқының саны небәрі 3,5 млн асатыншағын ел үшін соның өзі үлкен жетістік болды.

Эдин Джеко өз құрамасының тарихында ең көп матч өткізген және ең үздік сұрмергені. "Интер" шабуылшысы "айдаһарлар" сапында 115 кездесуде 60 гол соққан. Айтпақшы, жуырда Франция (1:1) қақпасына гол соққан Джеко болатын.   

D тобында Босния және Герцеговина мен Қазақстан құрамаларының кездесуі Зеница қаласының әйгілі "Билино Поле" стадионында өтеді. 15 292 жанкүйер сиятын аренаның несі әйгілі дейсіз ғой? Ендеше назар аударыңыз, 1996 және 2006 жылдар аралығында балқандықтар өз алаңында 15 ойын ұтылмаған.

Қазақстан командасының басты қаруы синтетикалық төсеніші бар "Астана Арена" болса, босниялықтардың басты қаруы осы "Билино Поле" стадионы.

Жуырда Хельсинкиде Талғат Маруаұлы құраманың негізгі ойыншыларына демалыс бергені белгілі. Соның арқасында Мақсат Тәйкенов, Айдос Тәттібаев, Самат Жарынбетов, Игорь Шацкий сынды ойыншыларға мүмкіндік берді. Демек 7 қыркүйекте бапкерлік штаб ең мықты құрамды ойнататын болады. Ендеше еліміздің басты командасына сәттілік тілейміз!

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: