Алексей Шпилевский жуырда "Қайраттан" кеткен болатын. Футбол жанкүйерлері мен мамандары маусым ортасында бапкердің басқа клубқа кеткеніне байланысты әртүрлі пікір қалдыруда. Өткелде ат ауыстырмайды деген мақалды ескерсек, клуб басшылығының жас бапкерді қызметінен босатуы бекер емес. Осы жағдайға байланысты Беларусь елінің журналисі, спорт комментаторы Андрей Бондаренко Vesti.kz тілшісіне ойымен бөлісті.
- Андрей, өткен аптада Қазақстан спортындf елді елең еткізер жаңалық болды. Маусымның бел ортасында Алексей Шпилевскийдің басқа команданы жаттықтыратыны жайлы хабар тарады. Беларуссияда бұл жаңалықты қалай қабылдады?
- Алексей Шпилевский туралы біздің елде көп жаза бермейді. Кезінде ол Бресттің "Динамосын" жаттықтырған. Өкінішке қарай, бапкерлік карьерасы сәтсіз болды. Себебі, ол кезде командада Артем Милевский сынды жұлдызды ойыншы өнер көрсететін. Ал клубтың тәжірибелі, негізгі құрамындағылар Артемнің сөзін сөйлейтін. Екеуінің арасында кикілжің бары жайында талай айтылды. Нәтижесінде екеуі де клубтан кетіп тынды. Алайда Шпилевский қызметінен босаған соң, Артем Милевский Брестке қайта келді.
Шпилевскийдің Қайраттан нақты қандай себеппен кеткенінен хабарым жоқ. Дегенмен, команда чемпион болған соң жаңа келісім-шартқа қол қою кезінде қаржы мәселесі де әсер етуі мүмкін. Оның үстіне алматылық ұжым биыл Чемпиондар Лигасында өнер көрсетеді. Осы орайда Алексей клубтың басшысынан көбірек айлық сұрауы мүмкін еді. Қалай болғанда да ол командадан кетті. Германияның екінші Бундеслигасында қандай нәтиже шығаратынын жаңа маусымда білетін боламыз.
Андрей Бондаренко. Сурет: instagram.com/p/CP_qMG6nalT/
- Өткен жылы араға 10 жыл салып Қайрат чемпион атанды. Алайда пандемияға байланысты біріншіліктің басым бөлігі Алматы қаласында өткен еді. Бұл жерде бапкердің еңбегі ме әлде "Қайрат" ойындарды өз қаласында қабылдағанының арқасында топ жарды деп ойлайсыз ба?
- Менің ойымша өткен маусымда "Қайрат" Шпилевскийдің арқасында емес, команда ойыншыларының еңбегімен чемпион болған секілді. Себебі алматылықтар сапында Вагнер Лав сынды тәжірибелі, тіс қаққан ойыншылар бар. Әдетте команда осындай көшбасшылардың соңынан ереді. Соған қарамастан Алексей Николаевич өте мықты маман. Араға 10 жыл салып ішкі чемпионатта топ жарған соң сөзсіз бапкердің еңбегі еленеді.
Еске салсақ, Алексей Шпилевский 2019 және 2020 жылғы маусымдарда "Қайрат" клубының бас бапкері қызметін атқарған. Бірінші жылы ішкі чемпионатта күміс жүлдегер атанса, былтыр алтын медальмен марапатталған болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Шпилевский Германияның екінші Бундеслигасында ойнайтын "Эрцгебирге" клубын жаттықтыратын болады.