Англия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы әрі америкалық "Интер Майами" клубы иегерлерінің бірі Дэвид Бекхэм 2026 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы кім болатыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Футбол аңызы ең алдымен өз елінің құрамасына сенім артатынын айтты. Сонымен қатар, ол мундиальдағы басты фавориттердің қатарында тағы бірнеше ұлттық құраманы атады.
"Әлем чемпионатын кім жеңеді деп ойлаймын? Әрине, мен Англияны айтамын. Бірақ Францияның да өте мықты құрамы бар деп есептеймін. Сондай-ақ Испания, Бразилия және қазіргі әлем чемпиондары Аргентинаны ешқашан есептен шығаруға болмайды. Олар бұл турнирге үлкен үмітпен келеді. Құрамаларында Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе, Лео Месси, Криштиану Роналду және Неймар секілді жұлдыздар бар. Мұның бәрі әлем чемпионатын одан әрі қызықты ете түседі", – деді Бекхэм Variety басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Англия құрамасы ӘЧ-2026 турнирінде L тобына түсті. Ағылшындар топтық кезеңде Хорватия, Гана және Панама құрамаларына қарсы ойнайды.
Ал әлемнің қазіргі чемпионы – Аргентина құрамасы.
Жарнама