"Бавария" футболшысы командаласының бетінен ұрды

© Bild.de
Мюнхен "Бавариясының"  футболшылары Джером Боатенг пен Леон Горетцки жаттығу кезінде жанжалдасты, - деп хабарлайды Bild.

Жанжалға қорғаушыға қатысты фол жасаған Горецка себепші болған. Осыдан кейін Боатенг әріптесінің бетінен қолының алақан жағымен ұрған. Артынша футболшылар бір-бірін балағаттаған. 

Жанжалдасқан екеуін өзге футболшылар арашалап, төбелесіп кетуден сақтады. Жағдайды Роберт Левандовски, Томас Мюллер пен бас бапкер Ханс-Дитер Флик реттеуге тырысқан.

Боатенг пен Горецка жаттығу соңына дейін бір-бірімен сөйлеспеген көрінеді. Дегенмен клуб басшылығы футболшыларды жазаға тартпайтын сияқты.