"Бавария" Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясында италиялық "Аталантаны" екінші рет қатарынан ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Мюнхендегі кездесу алаң иелерінің 4:1 есебіндегі басымдығымен аяқталды.
Матчтың басты кейіпкері Харри Кейн болды - ағылшын шабуылшысы 25-минутта есеп ашып, үзілістен кейін 54-минутта дубль авторы атанды. Қонақтар ес жиып үлгермей жатып, екі минуттан соң Ленарт Карл "Баварияның" басымдығын одан әрі арттырды.
Алаң иелерінің қысымы жалғаса берді: 70-минутта Луис Диас италиялық клуб қақпасына төртінші голды соқты. Тек ойынның соңына таман, 85-минутта Лазар Самарджич есеп айырмасын қысқартып, "Аталантаның" жағдайын сәл де болса жеңілдетті.
Еске салайық, алғашқы кездесуде "Бавария" қарсыласын 6:1 есебімен тас-талқан етіп, қос матч тағдырын алдын ала шешіп қойған еді.
Айта кетейік, бұған дейін "Аталанта" плей-офф кезеңінде дортмундтық "Боруссияны" екі ойын қорытындысы бойынша 4:3 есебімен ұтқан. Ал "Бавария" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 21 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға тұрақтады.
Жарнама