"Бавария" Чемпиондар лигасында "Челсиді" тас-талқан етті, ал "Барселона" италиялық "Наполиді" ұта алмады

© UA-Football
Ақпанның 25-нен 26-на қараған түні Чемпиондар лигасы 1/8 финалының бірінші ойындары өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Англиялық "Челси" өз алаңында германиялық "Бавариядан" ойсырай ұтылды - 0:3. 51 және 54-ші минутта Серж Гнабри дубль жасады, ал 76-шы минутта Роберт Левандовски гол салды. Ойынның соңында "Челси" азшылықта ойнады - 83-ші минутта Маркос Алонсо алаңнан қуылған еді. 



Қатар өткен матчте италиялық "Наполи" өз алаңында испаниялық "Барселонамен" тең ойнады - 1:1. 30-шы минутта Дрис Мертенс алаң иелерін алға шығарды, алайда, каталондықтар 57-ші минутта Антуан Гризманның голымен жауап бере алды. Бұл ойын да қызыл қағазсыз өтпеді - 89-шы минутта "Барселона" хавбегі Артуро Видаль алаңнан шығарылды. 



Ақпанның 26-нан 27-не қараған түні "Лион" (Франция) - "Ювентус" (Италия) және "Реал" (Испания) - "Манчестер Сити" (Англия) ойындары өтеді. Екі ойын да Қазақстан астанасының уақытымен 02:00-де басталады.

Чемпиондар лигасы 1/8 финалының осының алдындағы матчтерде "Тоттенхэм" германиялық "РБ Лейпцигтен" ұтылды - 0:1, италиялық "Аталанта" испаниялық "Валенсияның" тас-талқанын шығарды - 4:1, испаниялық "Атлетико" англиялық "Ливерпульді" ұтты - 1:0, "Боруссия" (Дортмунд) франциялық ПСЖ командасынан басым болды - 2:1.

Қарымта матчтер наурыздың 5-6 және 12-13-не қараған түні өтеді. Жеңімпаздар Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шығады.