Бауыржан Исламхан Қазақстан ұлттық құрамасының қараша айында Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өткізетін жолдастық матчтарына шақырту алды, деп жазады ҚФФ.
Футболшының екі жылдық дисквалификациясы аяқталып, кәсіпқой командамен жаттығуды жалғастыруға болатыны туралы тиісті құжаттар алынды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы бір ай бойы Бауыржан Исламханмен жұмыс жүргізіп, оның қорытындысы бойынша Алматыда басталатын жиынға шақыру туралы шешім қабылдады.
"Бауыржан туралы көп естігенмін. Оның үлкен таланты мен мол тәжірибесі бар. Алдағы оқу-жаттығу жиынында оның физикалық дайындығын қарағым келеді. Өйткені, екі жылдай Исламханның ойын тәжірибесі болмады. Оқу-жаттығу жиынында оның бабы қандай екенін байқап, алдағы ойындарға қаншалықты дайын екенін білетін боламыз", - дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев.
Исламхан Қазақстан құрамасына алғаш рет 2012 жылдың 29 ақпанында Латвияға қарсы жолдастық ойында алаңға шықты. Ұлттық құраманың қатарында 46 ойын өткізіп, үш гол соққан.
Бауыржан соңғы рет Қазақстан құрамасында 2020 жылдың қыркүйегінде Беларусь командасына қарсы ойнады.