Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы Мысырға қарсы матч қарсаңында команда капитаны Лионель Мессидің жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Маманның айтуынша, Кабо-Вердеге қарсы 1/16 финалдағы тартысқа толы 120 минутты толық ойнағанына қарамастан, 39 жастағы "Интер Майами" шабуылшысы алдағы ойынға толық дайын.
"Месси өзін жақсы сезінеді. Ол ешқандай шағым айтқан жоқ. Алдыңғы матчта 39 жасында толық 120 минут ойнағанына қарамастан, жағдайы қалыпты. Тіпті қандай да бір мәселесі болса да, ол маған бұл туралы айтқан жоқ. Сондықтан Мысырға қарсы матчта әдеттегідей алаңға шығады", – деді Скалони баспасөз мәслихатында.
Аргентина мен Мысыр арасындағы әлем чемпионатының 1/8 финалдық кездесуі 7 шілдеден 8 шілдеге қараған түні өтеді.
Жарнама