"Барселонаның" үнемі кешігіп жүретін ойыншысын алатын команда табылды

© futbol1.ru
Германиялық "Бавария" испаниялық "Барселонаның" жартылай қорғаушысы Усман Дембелеге көз тігіп отыр, - деп хабарлайды France Football.

Мюнхендік команда басшылығы франциялық футболшыға көптен қызығып келеді. "Баварияның" спорт директоры Хасан Салихамиджич 22 жастағы футболшының айналасындағылармен байланысқа да шыққан, алайда, ол каталондық клубтың Антуан Гризман мен Неймарды алуын күтіп отыр. Осылайша, Дембеленің бағасы азда болсын түседі деген ойда. 

Мұның алдында "Барселона" франциялық футболшымен келісімшартты тәртіп сақтамауға қатысты үзуі мүмкін екені хабарланған. Былтыр қарашада Дембеле үнемі кешігетіндіктен бірінші командадан шығарылуы мүмкін екені де айтылған. Жартылай қорғаушының икемделуі қиын, сондықтан командаластарымен сөйлеспейді екен. 

Ал мамыр соңында "Барселона" Дембелені ПСЖ-дан Неймарды қайтару келісімшартына қосқаны белгілі болды. 

Дембеле "Барселонаға" 2017 жылы жазда дортмундтық "Боруссиядан" 105 миллион еуроға өткен. Өткен маусымда ол Испания Примерасында 29 матчте ойнап, жеті гол салған және бес нәтижелі пас берген.