Польшалық шабуылшы Петр Гжельчак маусым соңында "Атырау" командасынан кетеді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
34 жастағы шабуылшының маусым соңында "мұнайшылармен" келісімшарты аяқталады. "Атырау" басшылары келісімшартты ұзартуға ниетті емес.
Биыл Гжельчак ҚПЛ ойындарында 16 кездесуге қатысып, екі гол соқты. Шабуылшы бұл команда сапында 2019 жылдан бері өнер көрсетеді.
Польша жастар құрамасының бұрынғы шабуылшысы үшін "Атырау" карьерасындағы екінші шет елдік команда болды. Осыған дейін ол грекиялық "Платаниаста" ойнаған.
Ал Польша чемпионатында Гжельчак "Гурник", "Ягеллония", "Легия", "Полония" (Варшава) және "Видзев" намысын қорғады.
Гжельчактың карьерасындағы ең маңызды гол "Барселона" қақпасына соғылған. 2013 жылы ол "Легия" сапында өнер көрсетіп, каталониялық команданың қақпасын дәл көздеген еді.