Каталондық "Барселона" 2026/27 маусымға жаңа капитанды таңдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
ESPN мәліметінше, капитандық белгі Рафиньяға табысталды. Бразилиялық футболшы "көк-анарлылар" командасының бірінші капитаны атанды.
Бұған дейін "Барселонаның" бірінші капитаны Марк-Андре тер Штеген болған. Алайда қақпашы жалға алу құқығымен "Аяксқа" ауысты. Команданың вице-капитаны Рональд Араухо да каталондық клубтан кетіп, "Ливерпульге" жалға берілді.
Олар кеткеннен кейін барселоналықтардың жаңа капитаны жартылай қорғаушы Френки де Йонг болады деп болжалған еді. Алайда клуб басшылығы капитандықты Рафиньяға беріп отыр. Бұған дейін нидерландтық жартылай қорғаушының ауыр жарақат алғаны хабарланған болатын.
Рафинья мен де Йонг алаңға шықпаған жағдайда, команданы Педри бастап шығады. Капитандар иерархиясында одан кейін Гави мен Эрик Гарсия тұр.
Рафинья "Барселона" сапында 2022 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Вингер каталониялық клуб құрамында 177 матч өткізіп, 75 гол соққан және 59 нәтижелі пас берген. 29 жастағы футболшының "Барселонамен" қазіргі келісімшарты 2028 жылдың ортасына дейін есептелген.
Бразилиялық футболшы "Барселона" сапында үш рет Испания чемпионы атанды (2022/23, 2024/25, 2025/26), Испания кубогын (2024/25) және ел Суперкубогын үш рет (2023, 2025, 2026) жеңіп алды.
Жарнама