Бернарду Силва "Барселонаға" ауысуды қаласа да, ол каталондық клубтың алдағы жазғы трансферлік жоспарларына кірмей тұр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Mundo Deportivo басылымының мәліметінше, португалиялық жартылай қорғаушының "Манчестер Сити" клубымен келісімшарты аяқталуға жақын. Алайда "Барселона" оны трансферін басымдық ретінде қарастырмай отыр.
Каталондық клубта Силваны бірнеше жыл бұрын сатып алуға мүмкіндік болғанын, бірақ, қазіргі таңда жағдай өзгергенін айтады. Дереккөздерге сүйенсек, "көк-анарлылар" басшылығы бұл трансфер енді өзекті емес деп есептейді.
"Барселона" бұл позицияда ойыншылар жеткілікті деп санайды. Сонымен қатар, бас бапкер Ханс-Дитер Флик жетекшілік ететін жаттықтырушылар штабы құрамды күшейтудің басқа бағыттарын қарастыруда.
Бірінші кезекте клуб орталық шабуылшы мен сол аяқпен ойнайтын орталық қорғаушыны сатып алуды жоспарлап отыр - дәл осы позициялар басымдыққа ие.
Айта кетейік, Силва бұған дейін де "Барселонаға" ауысуға жақын болған. 2022 жылы оны командаға Хави шақырғысы келген, сол кезде футболшы да "Манчестер Ситиден" кетуге дайын еді. Алайда трансфер жүзеге аспады. 2023 жылы да каталондықтарда оны алу мүмкіндігі болды, бірақ, клуб соңында Илкай Гюндоганды таңдады.
Жарнама