Каталондық "Барселона" келесі маусымда тағы да "Камп Ноу" аренасынан уақытша кетеді, деп хабарлайды Vesti.kz сайты ESPN-ге сілтеме жасап.
"Барселона" тағы да Монжуикке көшеді
"Барселона" қазынашысы Ферран Оливенің айтуынша, Ханси-Дитер Флик шәкірттері осы маусымды негізгі аренада аяқтап, келесі маусымды "Олимпик Льюис Компанис" (Монжуик) стадионында ойнайды. Бұған "Камп Ноу" стадионын жөндеу жұмыстарының жалғасуы себеп болып отыр.
Дереккөз мәліметінше, "Барселона" "Камп Ноу" реконструкциясын аяқтау үшін қосымша 510 миллион еуро қаржы бөлуді мақұлдаған. Осылайша, стадионды жаңғыртуға жұмсалатын жалпы шығын бір миллиард еуроға жуықтайды.
Клуб 2027/28 маусымы басталар алдында негізгі аренадан кетуге мәжбүр болады. Ол кезде шатыр орнату жұмыстары жүргізіледі.
"Камп Ноуға" қашан оралады?
"Барселонаның" "Камп Ноуға" оралуы 2028 жылдың қаңтарына жоспарланған. Сол уақытқа дейін реконструкция жұмыстары аяқталып, стадионның сыйымдылығы 95 мың көрерменге дейін артады. Ал 2028/29 маусымы басталар алдында клуб орын санын 105 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір арена 62 мыңға жуық көрермен сыйдыра алады.
"Барселона" уақытша аренада екі маусым өткізген кезде операциялық шығындарға шамамен 17 миллион еуро жұмсады. Сонымен қатар клуб көшу жұмыстарын ұйымдастыруға тағы 24 миллион еуро жұмсаған.
Жаңартылған "Камп Ноуда" 2029 жылғы Чемпиондар лигасының финалы өтеді. Бұл шешімді бұған дейін УЕФА қабылдаған. Бұған дейін "Барселонаның" стадионында бұл турнирдің финалы 1989 және 1999 жылдары өткен.
Жарнама