Каталондық "Барселона" клубы жартылай қорғаушы Фермин Лопестің командадағы болашағына қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Барселона" Фермин Лопестің трансферлік құнын белгіледі
Caught Offside басылымының мәліметінше, каталондық клуб 23 жастағы испаниялық футболшыға қатысты ұсыныстарды қарастыруға дайын.
"Барселона" ойыншыны сатуды жоспарлап отырған жоқ. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты клуб оны шамамен 100 миллион еуроға жіберуге келісуі мүмкін.
Лопес екі алпауыттың назарына ілікті
Футболшыға Лондонның "Челсиі" мен "Пари Сен-Жермен" қызығушылық танытып отыр. Париждік клуб Лопесті сатып алу жөнінде ресми ұсыныс әзірлеп жатқаны хабарланды.
2025 жылдың жазында Лопес "Челсиге" ауысу мүмкіндігінен бас тартып, "Барселонада" қалуды жөн көрген еді. Ал ақпан айында каталондық клубпен келісімшартын 2031 жылға дейін ұзартты. Жаңа келісімшарттағы өтемақы сомасы 1 миллиард еуроны құрайды.
Ойыншының статистикасы мен жетістіктері
Фермин Лопес 2023 жылдан бері "Барселона" сапында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол 148 матчқа қатысып, 37 гол соқты және 32 нәтижелі пас берді. Каталондық клубпен бірге бес жүлде жеңіп алды. Соның ішінде Испания чемпионатында екі рет топ жарды.
Испания чемпионатының қазіргі маусымында Лопес тоғыз ойынға қатысып, төрт гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 110 миллион еуро деп бағалайды.
Жарнама