Каталондық "Барселонаның" баспасөз қызметі клубтың аңызға айналған шабуылшысы Лионель Мессидің Аргентина құрамасынан кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Барселона" Мессиге үн қатты
39 жастағы футболшы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын кеше, 31 тамызда жариялады. Каталондық клуб Мессидің осы туралы жазбасына пікір қалдырды.
"Сен соңғы демің қалғанша бар күшіңді салдың. Елің де, бүкіл Барселона да сен қалдырған мұрамен мақтанады", - деп жазды каталондық клубтың баспасөз қызметі.
Мессидің Аргентина құрамасындағы жетістіктері
Месси Аргентина ұлттық құрамасы сапында 2005 жылдан бері өнер көрсетті. Ұлттық командамен шабуылшы 2022 жылы әлем чемпионы атанды, 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын екі рет жеңіп алды. Сондай-ақ 2022 жылы Финалиссима турнирінің трофейін иеленді. Бұдан бөлек, аргентиналық футболшы 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанды.
"Барселонаның" аңызы
Месси - "Барселона" академиясының түлегі. Ол каталондық клубтың негізгі командасында 2004-2021 жылдар аралығында өнер көрсетті. Осы кезеңде аргентиналық футболшы Испания чемпионатын 10 рет жеңіп, Чемпиондар лигасында төрт мәрте топ жарды.
Месси "Барса" сапында жеті рет "Алтын доп" жүлдесін иеленді.
Жарнама