"Барселона" академиясының түлегі Иньяки Пенья карьерасын Грекия чемпионатында жалғастыратын болды, деп хабарлайды Vesti.kz каталониялық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
27 жастағы испаниялық қақпашы ресми түрде "Панатинаикос" ойыншысы атанды. Журналист Фабрицио Романоның мәліметінше, трансфер құны шамамен үш миллион еуроны құраған.
Өткен маусымды Пенья жалға алу келісімі бойынша "Эльчеде" өткізді. Ол Ла Лигада 16 матчқа қатысып, өз қақпасына 28 гол жіберіп алды.
Қақпашы "Барселонаның" негізгі командасында 2022 жылдан бері өнер көрсетіп, осы уақыт аралығында 45 матч өткізді. Ал каталониялық клубтағы соңғы маусымында 16 кездесуде алаңға шыққан.
Айта кетейік, "Панатинаикос" - Грекияның ең табысты клубтарының бірі. Афиналық команда ел чемпионатын 20 рет жеңіп алған.