Каталондық "Барселона" клубы команданың екі қорғаушысы – Рональд Араухо мен Алехандро Бальденің болашағына қатысты нақты шешім қабылдады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Sport.es басылымының мәліметінше, "көк-анарлылар" басшылығы жазғы трансферлік кезеңде Алехандро Бальдені сатылымға шығару туралы шешім қабылдаған. Клуб бұл позицияны жаңа ойыншымен күшейтуді жоспарлап отыр және қорғаушыға қатысты түсетін ұсыныстарды қарастыруға дайын.
Ал Рональд Араухоға қатысты жағдай мүлде басқа. Каталониялық ұжым уругвайлық футболшыны келесі маусымда да өз қатарында сақтап қалуды көздейді. "Барселона" басшылығы оның трансферіне тыйым салып, ойыншыны сатуға ниетті емес. Клубта Араухоның шеберлігі мен көшбасшылық қасиеттері жоғары бағаланады. Сондай-ақ, оған командада маңызды рөл жүктелген.
22 жастағы Алехандро Бальде – "Барселона" академиясының түлегі. Өткен маусымда ол барлық турнирде 42 матч өткізіп, үш нәтижелі паспен көзге түсті. Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 55 миллион еуроға бағалап отыр.
Бальде негізгі команда сапында 2021 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында ол каталониялық клубпен бірге жеті трофей жеңіп алды. Оның ішінде Испания чемпионатын үш мәрте ұтқан.