Португалия құрамасының қорғаушысы Жоау Канселу каталондық "Барселонаға" ауысуға келісті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, каталондық клуб саудиялық "Әл-Хиләлмен" 31 жастағы футболшыны 2026 жылдың жазына дейін жалға алу туралы келісімге келген. Жалға алу құны 4 миллион еуро екені де айтылды.
"Барселонаға" оралу басымдықта болды
"Барселонаға" ауысу үшін Жоау Канселу айлығын айтарлықтай қысқартуға келіскен. Қорғаушы карьерасын жалғастыру үшін осы каталондық клубты басты нұсқа ретінде қарастырған. Миландық "Интердің" қызығушылығына қарамастан, португалиялық футболшы Сауд Арабиясында қалудан бас тартып, Еуропаға оралу туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Канселу 2023/24 маусымында "Манчестер Ситиден" жалға алу құқымен "Барселона" сапында өнер көрсеткен. Сол маусымда ол барлық турнирде 42 матч өткізіп, төрт гол соғып, команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды.
Топ-лигалардағы көптеген трофейлер
Жоау Канселу көптеген титулдар иеленген. Ол "Манчестер Сити" сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алды, сондай-ақ, ағылшын клубымен бірге Англия чемпионы атанды. Бұдан бөлек, "Бавариямен" Бундеслиганы, "Ювентуспен" А сериясын ұтып, түрлі елдерде ұлттық кубоктар мен суперкубоктарды иеленді.
Футболшының карьерасы
2024 жылдың жазында Канселу "Манчестер Ситиден" "Әл-Хиләлға" 25 миллион еуроға ауысып, 2027 жылға дейін келісімшартқа қол қойған еді. Алайда бір жылдан кейін португалиялық қорғаушы еуропалық футболға қайта оралып, "көк-анар түстес" жейдені тағы да киюді жөн көрді.
Бұған дейін Жоау Канселу "Манчестер Сити", "Бавария", "Ювентус", "Интер" және Еуропаның өзге де алпауыт клубтарында ойнаған.
Жарнама