"Қайрат" Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойында финляндиялық КуПС командасын 3:0 есебімен ұтты. Алматы клубының бас бапкері Рафаэль Оразбахтин еурокубоктағы осы қарсыластықты қорытындылады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Рафаэль Радикұлы алғашқы ойындағы жеңілістен кейінгі сындардың негізсіз болғанын және шәкірттері сыншылардың бәріне жауап бергенін айтты.
"Финляндиядағы жеңілістен кейін қиын кезең болды. Бізге көп сын мен жағымсыз пікірлер айтылды, көпшілік бізге сенбеді. Бірақ қазір бәріміз бұл жеңістен ләззат алып отырмыз – бұл жігіттердің үлкен еңбегі. Олар сынның әділетсіз болғанын дәлелдеді. Бізде үлкен әлеует бар, біз – біртұтас командамыз, және біз бізге сенбегендердің бәрінің аузын жаптық. Мен футболда 36 жүрмін, егер біреу КуПС-ты әлсіз қарсылас деп ойласа, ол адам сәбізді доптан ажырата алмайды деп есептеймін. Біз барлық қазақстандық футбол жанкүйерлеріне мереке сыйладық – мұндай сәттер бізде сирек, сондықтан бұл – үлкен қуаныш", – деді Оразбахтин.
Сондай-ақ, алматылықтардың бапкері келесі қарсылас – словакиялық "Слован" клубы туралы пікір білдірді. Бұл команданы "Қайраттың" экс бапкері Владимир Вайсс жаттықтырады.
"Вайсс Алматыға келе ме? Иә, осы тақырыпта біз Қайрат Советайұлы Боранбаевпен сөйлестік. Ол маған: 'Келесі кезеңге өтіп, Вайсс осында келетіндей етейік – бұл тамаша оқиға болар еді' деді. Біз қарсыласымызды мұқият зерттейміз. Өткен маусымда "Слован" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнағаны – олардың деңгейін көрсетеді. Бұл – өте мықты қарсылас, бірақ, біз де өз күшімізді тексеруге дайынбыз", – деді бас бапкер.
Айта кетейік, бұл жетістік "Қайратқа" тек Чемпиондар лигасындағы жарыс жолын жалғастыру мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар, еурокубоктардың топтық кезеңіне жол ашып отыр. Ережеге сәйкес, осы кезеңнің жеңімпазы келесі айналым нәтижесіне қарамастан, күзде УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнау құқығын автоматты түрде иеленеді.
Жарнама