"Барселона" клубының президенті Жоан Лапорта 18 жасқа толған Ламин Ямальдың туған күніне орай ұйымдастырылған кешке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл шара әлеуметтік желілерде үлкен сынға ұшырады. Қоғам тарапынан ең көп наразылық тудырған жайт - мерекеде ергежей анматорладың өнер көрсетуі болды.
Алайда Лапорта бұл кештің жеке сипатта екенін және ешқандай айыптарлық жайт көрмейтінін айтты:
"Онда болмағаныма өкінемін. Бұл оның достарымен бірге өткізген жеке мерекесі. Жігіттер 18 жаста, олар көңілді деп тапқан форматты өздері таңдады. Ямаль бәрін жақсы деңгейде ұйымдастырды.
Келесі күні-ақ жаттығуға келіп, бәрінен жақсы жұмыс істеді. Оны кінәлаудың еш жөні жоқ. Керісінше, мерекесін өткізіп, уақытында қайта жаттығуға кіріскені құптарлық", - деді Лапорта Mundo Deportivo-ға берген сұхбатында.
Айта кетейік, өткен маусым Ямаль үшін нағыз серпіліс болды. Жас вингер "Барселона" сапында барлық турнирлерде 55 матч өткізіп, 18 гол соқты және 25 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіштер оны әлемдік деңгейдегі жұлдыз болуға үміткер етуде.
Жарнама