"Барлық футболшылар ертеңгі ойынға сақадай-сай". Қазақстан құрамасының бапкері Украина құрамасымен кездесу алдында баспасөз жиынын өткізді

Сурет: ҚФФ

2020 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Украина құрамалары арасындағы кездесудің алдында құрамасы бас бапкердің көмекшісі Игорь Свечников тілшілердің сұрақтарына жауап берді, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

- Бірінші сауал, Талғат Байсуфиновтің жағдайы қалай? Ертең ойында бола ма? 

- Талғат Маруаұлының жағдайы жақсы. Жаттығуды онлайн өткізгенін жақсы білесіздер. Бүгін тест тапсырды. Қазір бірнеше сағатта жауабы белгілі болады. Ертең ойында болатын шығар. 

- Құрамаға шақырылған футболшылардың ішінде жарақат алғандар бар ма? 

- Жоқ. Барлық футболшылардың денсаулығы жақсы. Тек құрамаға кешігіп келген жігіттер бар. Оларға арнайы бағдарлама жасалып, жаттығу жасады. Ал қалған футболшылардың барлығы жоспар бойынша жұмыс істеді. 

- "Ротор" шабуылшы Алейсей Щеткин туралы айтып берсеңіз. Құрамаға не үшін келмеді?

- Щеткин "Ротор" сапында ойнап жүріп жарақат алып қалды. Сол үшін Ұлттық құрамаға келмеді. 

-Ал Бахтиер Зайнутдиновтің жағдайы қалай? 

- Бахтиердің жағдайы бәрін мазалайды ғой. Қазір денсаулығы дұрыс. Иә, оның жарақаты болды. Бірақ толық емделді. Құрамамен толық жаттығу өткізді. Ертең алаңға шығатын шығар ...

- Бауыржан Байтана Ұлттық құрамаға неге шақыртылмады? 

- Ол қосалқы құрамда. Егер қажет болса негізгі құрамға қосамыз. 

- Бауыржан Исламхан туралы айта кетсеңіз. Байланысып тұрасыздар ма? Ол құраманы қолдауға келе ме? 

- Францияға қарсы өткен ойын алдында Исламхан командаға келіп, сәттілік тіледі. Жалпы байланыстамыз. Бұл жолы келе ме, жоқ па білмеймін. Оның болашағы туралы да ештеме айта алмаймын. 

- Ертең ойында жанкүйерлер болады. Осы туралы айта өтсеңіз ...

- Жанкүйердің болғаны әрине жақсы. Бізге жігер береді. Ертең біз де көрермендерді қуантуға тырысамыз. Барлықтарңызға рақмет. Ертең ойында жолыққанша. 

Еске салайық, Талғат Байсуфинов коронавирус жұқтырып, ойын алдындағы баспасөз жиынына келе алмады. Бапкер бүгін сынақ тапсырды. Енді соның қорытындысы бойынша бапкердің ертең ойынға қатысатыны не қатыспайтыны белгілі болады. 

Қазақстан мен Украина құрамалары арасындағы кездесу ертең, 1-қыркүйек күні "Астана-Арена" стадионында өтеді. Ойын 20:00-де басталады. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки: