Тәжікстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Мубин Эргашев Қазақстанмен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті тілшілердің сауалдарына жауап берді.
- Қазақстан - біздің өңірдегі ең мықты бәсекелестердің бірі. Біз жақсы әрі қызықты ойын күтеміз.
- Қазақстан құрамасы туралы не білесіз? Қай ойыншыны ерекше атар едіңіз?
- Қазақстанда шетелде өнер көрсететін жақсы футболшылар бар. Қазақстан чемпионатының деңгейі бізден әлдеқайда күшті. Бір ойыншыны ерекше атап өтудің қажеті жоқ.
- Франциямен өткен матчты (0:8) көрдіңіз бе?
- Біз, негізінен, осындай ойынды күткен едік. Ертең қарсылас жанкүйерлерінің алдында өздерін қалыпқа келтіруге тырысады. Олар соңғы шайқасқа шыққандай ойнайтын болады.
- Қазақстан мен Тәжікстан құрамалары соңғы рет 2014 жылы кездескен. Бұл кездесу 2:1 есебімен қазақстандықтардың пайдасына аяқталды. Осы матчтан кейін екі команда қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?
- Сол есте қаларлық матчтан бері бізде әлі де ойнап жүрген екі ойыншы бар. Футбол бір орында тұрмайды. Сіздің командаңыз да, біздің команда да алға жылжыды.
- 90-шы жылдар мен 2000-шы жылдардың басында Тәжікстанның футболшылары Қазақстанға емін-еркін келіп ойнады. Соңғы келген ойыншылардың бірі ретінде Даврон Ергашевті айтуға болады. Соңғы кездері тәжікстандық футболшылар Қазақстан премьер-лигасында неге ойнамай жүр?
- Олар қазірдің өзінде осында келуге қуана-қуана келісімін берер еді. Бірақ біздің ойыншылардың деңгейі командаларға сәйкес келмейтін шығар.
- Бұған дейін Қазақстан құрамасы Азияда ойнаса, қазір Еуропада ойнайды. Сіздің ойыңызша, Қазақстан құрамасы Азияда өнер көрсетсе, іріктеу кезеңінен өте алар ма еді?
- Солай деп ойлаймын. Қазақстанға Азияда ойнау сәл жеңілірек болар еді. Экономикалық жағынан да, футбол деңгейі жағынан да Қазақстан әлдеқайда дамыған мемлекет. Ал Тәжікстанда бәрі КСРО ыдырағаннан кейін салынды.