"Қайрат" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчта бельгиялық "Андерлехттен" ірі есеппен ұтылды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алматыда өткен кездесудің тағдыры бірінші таймда шешілді. Алматылық команда алғашқы 45 минутта қақпасына үш гол жіберіп алды.
Қонақтар есепті небәрі екінші минутта ашты. Бұл сәтте Яакко Оксанен өз қақпасына автогол соғып алды. Одан кейін "Андерлехт" сапынан Лукас Амброс 24-минутта, ал Даниил Сикан бірінші таймның қосылған уақытында гол соқты.
Оған қоса, 38-минутта "Қайрат" ойыншысы Александр Широбоков алаңнан қуылды.
Бірінші таймда Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінің ойыны жүрмеді. Жылдам жіберілген голдар мен Широбоковтың алаңнан қуылуы алматылық клубтың жоспарын бұзды.
Нәтижесінде "Қайрат" 0:3 есебімен ұтылып, 27 тамызда Бельгияда өтетін қарымта матчтың маңызын айтарлықтай төмендетіп алды. Алматылық клубқа енді Конференция лигасының жалпы кезеңіне қатысумен шектелуге тура келетін сияқты.
Еске салайық, "Қайрат" еурокубоктағы жолын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастады. Алматылықтар Черногорияның "Сутьескасы" мен Кипрдің "Омониясынан" басым болды, алайда үшінші кезеңде Болгарияның "Левскиінен" ұтылып, Еуропа лигасына ауысты.
Жарнама