Футбол
17 маусым 13:01

Аустрия мен Иордания ойынының тағдырын автогол мен пенальти шешті

© Instagram/fifaworldcup

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі Аустрия мен Иордания құрамалары арасындағы матч аяқталды, деп хабарлайды Vesti.kz.

J тобы аясындағы кездесу АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы "Левайс" стадионында өтіп, аустриялықтардың 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Матчтағы есеп 20-минутта ашылды. Аустрия құрамасының жартылай қорғаушысы Романо Шмид айып алаңының сыртынан тамаша соққы жасап, допты қақпаның алыс тоғыздығына дәл бағыттады.

Екінші таймның басында Иордания таразы басын теңестірді. 50-минутта Али Олван мергендігімен көзге түсіп, есепті 1:1-ге жеткізді.


Алайда 76-минутта аустриялықтар қайтадан алға шықты. Бұл жолы иорданиялық қорғаушы Язан Әл-Араб өз қақпасына автогол соғып, қарсыласқа көмектесіп қойды.

Кездесудің нүктесін тәжірибелі шабуылшы Марко Арнаутович қойды. Ол 90+12-минутта пенальтиді сәтті орындап, қорытынды есепті белгіледі - 3:1.

Осылайша, Аустрия құрамасы әлем біріншілігін жеңіспен бастап, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты.

Келесі турда аустриялықтар Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасымен кездеседі. Аргентиналықтар алғашқы матчында Алжирді 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Ал Иордания құрамасы келесі ойынын Алжирге қарсы өткізеді.

Еске салайық, ӘЧ-2026 АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеге дейін жалғасады. Қазіргі әлем чемпионы - Аргентина құрамасы.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport