Сауд Арабиясының Жидда қаласында Испания Суперкубогінің жартылай финалдық кездесуі өтті. Онда "Реал" мдаридтік дербиде "Атлетикодан" 2:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Реал" "Атлетиконы" қалай ұтты
Хаби Алонсо шәкірттері матчтың екінші минутында-ақ есеп ашты. "Реал" ойынды белсенді бастап, алғашқы шабуылдардың бірін уругвайлық жартылай қорғаушы Федерико Вальверденің айып добынан соққан дәл әрі қуатты соққысымен түйіндеді.
Үзілістен кейін "Реал" ойын тізгінін бермей, жинақы әрі салқынқанды әрекет етті. 55-минутта бразилиялық вингер Родриго Гоэс шабуылдағы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, командасының басымдығын еселей түсті. Осыдан кейін "корольдік клуб" кездесуді сенімді түрде жеңіске жеткізетіндей көрінді.
Дегенмен "Атлетико" тез ес жия алды. Араға үш минут салып, норвегиялық шабуылшы Александр Сёрлот есеп айырмасын қысқартты да, матчтың соңын тартысты етті. Диего Симеоне баптайтын ұжым қысымды күшейткенімен, таразы басын теңестіре алмады. Нәтижесінде "Реал" кездесуді жеңіспен аяқтады.
Финалдағы эль класико
Екінші жартылай финалда "Барселона" Бильбаолық "Атлетикті" 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша, 11 қаңтарда өтетін Испания Суперкубогының финалында жанкүйерлерді кезекті эль класико күтіп тұр — "Барселона" мен "Реал" өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, аталған турнирдің қазіргі иегері — "Барселона". 2025 жылғы Испания Суперкубогының финалында каталондық клуб "кремділерді" 5:2 есебімен сенімді түрде жеңген болатын.
Жарнама