Лондонның "Арсенал" клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы қарымта матчта мадридтік "Атлетиконы" ұтып, турнир финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Лондондағы "Эмирейтс" стадионында өткен кездесу "зеңбірекшілер" пайдасына 1:0 есебімен аяқталды.
Кездесудегі жалғыз голды бірінші таймның соңында Букайо Сака соқты. 45-минутта Англия құрамасының вингері қақпашы допты қайтарған сәтті пайдаланып, Ян Облакты қапы қалдырды.
Айта кетейік, Мадридте өткен алғашқы матч 1:1 есебімен тең аяқталған болатын.
CHAMPIONS LEAGUE FINALISTS ❤️ pic.twitter.com/uDfQQqQCWZ
— Arsenal (@Arsenal) May 5, 2026
Осылайша, "Арсенал" 20 жылдан кейін алғаш рет Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды. Соңғы рет команда 2006 жылы финалда ойнап, онда "Барселонадан" 1:2 есебімен ұтылған еді.
Биылғы маусымның финалы 30 мамыр күні Венгрияның Будапешт қаласында өтеді.
Екінші жартылай финалда мюнхендік "Бавария" мен франциялық ПСЖ клубы кездеседі. Германиядағы ойын 7 мамырға қараған түні өтеді.
ПСЖ - Чемпиондар лигасының қазіргі жеңімпазы.
Жарнама