Мадридтік "Атлетико" Аргентина құрамасының шабуылшысы Хулиан Альваресті "Барселонаға" сатуға ниетті емес екенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Клубтың директорлар кеңесі басшылықтың каталондық командамен келіссөз жүргізбеу туралы шешімін бірауыздан қолдады.
"Атлетиконың" мәлімдемесінде клуб кәсіби және этикалық нормалар сақталған жағдайда басқа командалармен трансфер бойынша келіссөз жүргізуге дайын екені айтылған. Алайда мадридтік клуб "Барселонаны" бұл талаптарға сай келмейді деп есептейді. Осыған байланысты Альварестің каталондық клубқа ауысуына қатысты келіссөз болмайды.
"Мадридтік "Атлетиконың" директорлар кеңесінің мүшелері Хулиан Альварестің "Барселонаға" ауысуына қатысты келіссөз өткізбеу туралы клуб шешімін бірауыздан қолдады.
Директорлар кеңесінің мүшелері "Атлетиконың" келіссөз кәсіби, этикалық тұрғыда және өзара құрмет қағидаларын сақтай отыра жүргізілсе, стандартты трансферлік келіссөзге ашық екенін атап өтті. Біз клубтың бұған дейін айтқан ұстанымын толық қолдаймыз: "Барселона" бұл талаптарға сай келмеді. Сондықтан ешқандай келіссөз болмайды және Альварестің "Барселонаға" ауысуының кез келген нұсқасы жоққа шығарылды.
"Атлетико" біздің ойыншымыз бұл шешімді түсінеді және екі маусым бойы клубымыздың намысын қорғаған кездегідей, алға қойылған мақсаттарға жетуге бар күшін жұмсай береді деп сенеді", – делінген клубтың баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.
Хулиан Альварес бірнеше маусым "Манчестер Сити" сапында өнер көрсеткеннен кейін Мадридке ауысты. 26 жастағы шабуылшының "Атлетикомен" келісімшарты 2030 жылдың жазына дейін есептелген.
Transfermarkt мәліметінше, аргентиналық футболшының нарықтағы құны 100 миллион еуроны құрайды.
Жарнама