Еуропа чемпионатының бірінші турында Венгрия мен Португалия құрамаларының кездесуі ірі есеппен аяқталды.
"Астананың" бұрынғы жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслер алғашқы минуттан бастап алаңға шыққанына қарамастан Руй Патрисиу қорғаған қақпаға қауіп төндіре алмады. Дегенмен Ласло алаңнан кеткен соң португалиялықтар белсенділік таныта білді. Жартылай қорғаушы 78-ші минутта орнын Давид Сигерге алмастырған болатын.
84-ші минутта Рафаэль Герейро есеп ашса, араға 3 минут салып Роналду 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындады. Ал төрешінің қосқан қосымша уақытында Португалия құрамасының капитаны дубль авторы атанды.
Қорытынды есеп 0:3. Осылайша Фернанду Сантуш шәкірттері F тобының көшін бастады. Бұл квартетте Венгрия мен Португалиядан бөлек Франция мен Германия құрамалары өнер көрсетеді.