Футбол
22 қаңтар 13:14

Астанада Борат болып киінген "Брюгге" жанкүйерлерін полиция қамап тастады

©"Қайрат" ФК

Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің жетінші турында өткен «Қайрат» - «Брюгге» матчы кезінде «Астана Арена» стадионында ұсталған бельгиялық клубтың үш жанкүйеріне қандай жаза қолданылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Шетелдік жанкүйерлер қазақстандықтарды «әзіл» деген сылтаумен актер Саша Барон Коэн сомдаған атышулы «Борат» кейіпкерінің костюмінде трибунаға келген.

Бұған дейін Астана қалалық Полиция департаменті стадионда үш шетел азаматы айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны хабарлаған болатын. Оларды полиция қызметкерлері ұстап, мән-жайды анықтау үшін бөлімшеге жеткізілген.

Қоғамдық орында мас күйде жүру және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Құқық бұзушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиғаға қатысты ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов пікір білдірді:

«Аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оларға бес тәулікке қамау әкімшілік  жазасы тағайындалды», - деді ол.

Еске салайық, бұл матчта алматылық «Қайрат» 1:4 есебімен ұтылды. Турнирдің негізгі кезеңіндегі соңғы ойынын қазақстандық клуб 28 қаңтарда Лондонда «Арсеналға» қарсы өткізеді. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері плей-оффқа шығу мүмкіндігін мерзімінен бұрын жоғалтты.

Борат Сагдиев - Саша Барон Коэн жасаған және сомдаған ойдан шығарылған даулы кейіпкер. Фильм сюжеті бойынша Борат - Қазақстанды шетелде жағымсыз қырынан көрсететін «қазақстандық тележурналист».

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport