"Астана" клубының бас директоры қызметінен кетті - мәлімет көзі

Сурет: "Астана" ФК

"Астана" футбол клубында ауыс-түйістер болды. Михаил Гурман бас директор қызметінен кетті, деп хабарлайды "Тень отца Гурмана" телеграм арнасы. 

Бұл қызметке Бағлан Ергешев келуі ықтимал. Ергешев бұған дейін Кәсіпқой футбол лигасының жетекшісі және ҚФФ вице-президенті болған, сонымен бірге, "Ордабасы" мен "Оқжетпес" клубтарында жұмыс істеген. 

Расталмаған ақпарат бойынша, Ергешевті бұл қызметке тағайындау ұсынысы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың тарапынан болған. 

Еске салайық, Гурман 2019 жылдың шілдесінен бері "Астана" клубының бас директоры болды. Ол футболшы кезінде қызылордалық "Орбита", алматылық "Қайрат", павлодарлық "Трактор", қарағандылық "Шахтер" және талдықорғандық "Жетісу" сапында ойнаған.

Сонымен бірге, Гурман ҚКФЛ директоры және ҚФФ вице-президенті қызметін атқарған.