"Астана" клубы өз тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатыр және осы қыста тағы бір мықты легионер - жартылай қорғаушы Назми Грипшимен қоштасуы мүмкін. Vesti.kz тілшісімен әңгіме барысында елордалық клубтың бас бапкері Григорий Бабаян Албания құрамасының ойыншысы команданы тастап кетуі ықтимал екенін жоққа шығармады.
Өткен маусымда 28 жастағы жартылай қорғаушы 26 матчта 16 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді. Грипши Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені атанып, Дастан Сәтбаев пен Марин Томасовты артта қалдырды.
Қазіргі таңда Грипши "Астанамен" бірге оқу-жаттығу жиындарынан өтіп жатыр, алайда, ол трансферге қойылуы да мүмкін.
"Бүгінгі таңда Назми Грипши - "Астананың" ойыншысы және командада қалып отыр. Сонымен қатар, егер клуб үшін тиімді ұсыныс түссе, әрине, ол қарастырылады.
Бұл тек Грипшиге ғана емес, "Астанамен" жарамды келісімшарты бар кез келген футболшыға қатысты", - деп мәлімдеді Григорий Константинұлы.
Бұған дейін футболшыға АҚШ пен Канаданың жоғары лигасындағы (MLS) клубтардың бірі қызығушылық танытып отырғаны және "Астанадан" трансферін сатып алуға дайын екені хабарланған еді. Грипшидің елордалық клубпен келісімшарты 2026 жылдың жазына дейін жарамды, ал оның трансферлік құны 1,5 миллион еуро деп бағаланып отыр.
Қоса кетейік, өткен маусымнанн кейін "Астанадан" бірнеше шетелдік және қазақстандық ойыншы кетті. Олардың қатарында Марат Быстров, Александр Марочкин, Дмитрий Шомко, Нұрәли Жақсылық, Макс Эбонг, Джеффри Чинеду, Усман Камара және Дритон Цамай бар.