"Астана" Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысына қарызы жайлы мәлімдеме жасады

© ҚФФ
"Астана" футбол командасында Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Константин Энгель алдында қарызы жоқ. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне клубтың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мұның алдында қазақстандық БАҚ-та Энгельдің өкілі Олег Печерный "Астана" клубының футболшы алдындағы қарызы 345 миллион 303 мың теңге немесе 825 мың еуро болғандықтан ФИФА-ға шағымданатыны хабарланған.

"Клуб 2016 жылы Константин Энгельмен Қазақстан азаматы ретінде келісімшартқа отырған. Кейін футболшыда Қазақстан азаматы екенін растайтын құжаттармен қиындықтар бары анықталды. Осы себепті келісімшарт күшін жойды. Бұл туралы ойыншыға хабарланды және ол бұл шешіммен келісті. Осыны негізгі ала отырып клубтың футболшы алдында ешқандай қарызы жоқ деген ойдамыз", - деп мәлімдейді "Астана" ФК баспасөз қызметі.

Еске салайық, Энгель "Астанамен" 2016 жылы келісімшартқа отырды. Бұл келісім екі жарым жылға есептелгенімен футболшы негізгі құрам үшін бірде-бір матчта ойнаған жоқ. 

Қазір Энгель екінші бундеслигадағы "Оснабрюк" командасында ойнайды. Ал Қазақстан құрамасы үшін ол 11 матчке қатысқан.