Лондондық "Арсенал" футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Vesti.kz. Екі матчтың қорытындысы бойынша англиялық клуб лиссабондық "Спортингтен" басым түсті.
Ширек финалдың қарымта кездесуі Англияда өтті. Командалар бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, матч 0:0 есебімен аяқталды.
"Арсенал" жартылай финалға алғашқы ойындағы жеңісінің арқасында өтті. Бір апта бұрын Португалияда өткен кездесуде лондондық клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол матчта қосымша уақытта, 91-минутта германиялық шабуылшы Кай Хаверц шешуші гол соққан болатын.
Енді Чемпиондар лигасының финалына шығу үшін "Арсенал" мадридтік "Атлетикомен" кездеседі. Испаниялық клуб бұған дейін испаниялық дербиде "Барселонаны" жарыстан шығарған еді.
Қатар өткен матчте өткен маусым жеңімпазы ПСЖ "Ливерпульді" жарыстан шығарып, жартылай финалға өткен еді. Париждіктердің қарсыласы "Бавария" мен "Реал" арасындағы жұпта анықталады.