Армения құрамасының капитаны "Тараз" сапына қосылмақ

Сурет: Greek City Times

Футболдан Армения құрамасы мен ресейлік "Тамбов" клубының капитаны Вараздат Ароян "Тараз" клубымен келісімшартқа отырады. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне мәлімет көзі хабарлады. 

28 жастағы қорғаушы "Тамбов" үшін биылғы маусымда сегіз матчте ойнады. Бұрын ол екатеринбургтік "Урал", армениялық "Пюник" және ирандық "Падиде" командаларында ойнаған.

Армения құрамасымен 55 ойынға қатысқан, соның ішінде, 2018 жылы Қазақстанға қарсы. 

Transfermarkt мәліметінше, футболшының трансферлік құны 800 мың еуро.

"Тараз" 2020 жылғы ҚПЛ қорытындысы бойынша 11 команда арасында сегізінші болды.