Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони АҚШ-тың "Интер Майами" клубында өнер көрсетіп жүрген шабуылшы Лионель Мессидің 2030 жылғы әлем чемпионатына қарай ұлттық құрамаға бапкерлер штабының мүшесі ретінде оралуы мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Скалони Мессидің ұлттық құрамадағы рөлі туралы айтты
Бұған дейін аргентиналық маман ұлттық құрамамен келісімшартын 2030 жылға дейін ұзартқан болатын. Оның айтуынша, Мессидің бапкерлер штабына қосылу мүмкіндігі бар. Дегенмен ол футболшы карьерасын Лео әлі ұзақ уақыт бойы жалғастырады деп есептейді.
Скалони сондай-ақ Аргентина құрамасында өзінің көмекшісі қызметін атқаратын және бапкерлер штабынан кетуді жоспарлап отырған Вальтер Самуэль туралы да сөз қозғады.
"Месси 2030 жылға қарай бапкерлер штабына қосыла ма? Менің ойымша, ол 2030 жылдан кейін де футбол ойнауды жалғастырады. Бірақ енді Вальтер Самуэль кететін болғандықтан, Мессиді өзі қалаған кезде қуана қарсы аламыз (күледі)", – деп береді Скалонидің сөзін Motivaciones Fútbol.
Мессидің Аргентина құрамасындағы жетістіктері
39 жастағы Месси 7 қазанда ұлттық құрама сапындағы қоштасу матчын өткізді. Аргентиналықтар Бенин құрамасын 3:0 есебімен ұтты, ал Лео бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.
Месси Аргентина құрамасындағы алғашқы матчын 2005 жылғы 17 тамызда Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде өткізді. Ұлттық команда сапында ол 2022 жылы әлем чемпионы атанды, сол жылы Финалиссима турнирінде жеңіске жетті. Сондай-ақ 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын екі рет иеленді.
Жарнама