Аргентина құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Алжирді ірі есеппен ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
J тобы аясындағы кездесу АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өтіп, аргентиналықтардың 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Матчтың басты қаһарманы Лионель Месси болды. Тәжірибелі шабуылшы үш гол соғып, хет-трик авторы атанды.
Месси тіпті покер де жасауға жақын болды. Ол бесінші минутта-ақ қарсылас қақпасын дәл көздегенімен, төреші офсайд тіркеп, гол есепке алынбады. Араға үш минут салып, Алжир шабуылшысы Фарес Шаибидің де голы дәл осындай себеппен күшін жойды.
Кездесудегі есеп 17-минутта ашылды. Месси айып алаңы сызығының маңынан керемет соққы жасап, допты қақпаның жоғарғы бұрышына тоғытты.
Екінші таймда аргентиналық жұлдыз тағы екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Алдымен 60-минутта есеп айырмасын ұлғайтса, 76-минутта үшінші голын соғып, хет-трикті рәсімдеді.
Айта кетейік, 38 жастағы Лионель Месси үшін бұл мансабындағы алтыншы әлем чемпионаты болып отыр. Ол ұлттық құрама сапында осы уақытқа дейін 1157 матч өткізіп, 914 голдың авторы атанған.
Еске салсақ, ӘЧ-2026 плей-офф кезеңіне әр топтан алғашқы екі орын алған құрамалар және үшінші орын алған командалардың арасындағы үздік сегіз ұжым жолдама алады.
J тобында Аргентина мен Алжирден бөлек Аустрия және Иордания құрамалары да өнер көрсетуде.
Жарнама