Аргентина құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Мысыр командасын ұтып, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу АҚШ-тың Атланта қаласында өтіп, аса тартысты өтті. Ойынның 15-минутында Ясер Ибрагим баспен дәл соққы жасап, Мысыр құрамасын алға шығарды.
21-минутта Аргентина есепті теңестіруге тамаша мүмкіндік алып еді. Алайда Лионель Месси пенальтиден гол соға алмай, қақпашы Мұстафа Шубирден айласын асыра алмалды.
Бірінші таймда әлем чемпиондары тағы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, Шубир өз қақпасын сенімді қорғап, командасын құтқарып отырды.
Екінші таймда мысырлықтар жылдам қарымта шабуыл ұйымдастырып, 67-минутта Мостафа Зиконың голының арқасында есепті 2:0-ге жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін 58-минутта франциялық төреші Франсуа Летексье Зиконың бір голын VAR жүйесінің көмегімен қарап, шабуыл кезіндегі ереже бұзушылыққа байланысты есепке алған жоқ.
Аргентина камбэкке 79-минутта кірісті. Лионель Мессидің нәтижелі пасынан кейін Кристиан Ромеро гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Араға төрт минут салып, Мессидің өзі мергендік танытып, таразы басын теңестірді - 2:2.
Ал жеңіс голы қосымша уақыттың 90+2-минутында соғылды. Лаутаро Мартинестің әуелете асырған добын Энцо Фернандес дәл бағыттап, Аргентинаға жеңіс сыйлады.
Осылайша, Лионель Скалони шәкірттері әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде олар Швейцария мен Колумбия жұбының жеңімпазымен кездеседі.