Футбол
Бүгін 10:42

Аргентина құрамасындағы футболшы қауіп төнген елден қашып кетті

©Анхель Корреа. Сурет: ©AFA

Мексиканың "УАНЛ Тигрес" клубынан кеткісі келгеннен кейін аргентиналық Анхель Корреаға қоқан-лоқы көрсетіле бастады, деп хабарлайды Vesti.kz.

AS басылымының мәліметінше, аргентиналық шабуылшы "Ривер Плейт" клубына ауысуға жақын. Футболшы өзіне және отбасы мүшелеріне өлім қаупі төнгеннен кейін Мексикадан кетіп, Аргентинаға оралған.

Сонымен қатар, "УАНЛ Тигрес" басшылығы Корреаның трансферіне қатысты келісім шарттарын өзгертіп, нәтижесінде бұл ауысым жүзеге аспай қалуы мүмкін. Егер трансфер іске аспаса, футболшы келісімшартты бұзу жолдарын қарастырмақ.

Корреа келісімшартты біржақты бұзуы мүмкін

Егер Корреа ФИФА ережелеріне сәйкес келісімшартты біржақты тәртіппен бұзуға шешім қабылдаса, мексикалық клуб ойыншыдан да, трансферлік өтемақыдан да айырылуы ықтимал.

31 жастағы шабуылшының қазіргі келісімшарты 2029 жылдың желтоқсанына дейін күшінде.

Бастапқыда "Тигрес" футболшыны жіберуге келіскен болатын. Алайда кейінгі күндері клуб күтпеген жерден ұстанымын өзгертіп, ойыншы мен команда арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіргісі келетінін мәлімдеді.

Бұл жағдай Корреаның болашағына қатысты белгісіздікті күшейтті. Әсіресе, қазіргі уақытта футболшы үшін жеке қауіпсіздігі басты мәселеге айналып отыр.

"Атлетикодағы" табысты кезеңі

Еске салайық, Анхель Корреа 2015-2025 жылдар аралығында мадридтік "Атлетико" сапында өнер көрсетті.

Осы он жыл ішінде аргентиналық футболшы барлық турнирде 444 матч өткізіп, 85 гол соқты. Сондай-ақ Диего Симеоне жаттықтырған команда құрамында Испания чемпионатын (2020/21 маусымы), Еуропа лигасы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Корреа Аргентина құрамасымен бірге 2022 жылғы әлем чемпионы атанған еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport