Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони ұлттық командадағы жұмысын кем дегенде 2030 жылдың жазына дейін жалғастырады. 48 жастағы маман Аргентина футбол қауымдастығымен (AFA) жаңа келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Скалони Аргентина құрамасын 2018 жылы жаттықтыра бастап, содан бері команданы әлем чемпионы атандырды. Сондай-ақ онымен бірге Америка кубогын екі рет жеңіп, Финалиссиманы иеленді. Ұлттық құраманың соңғы ірі сынағы 2026 жылғы әлем чемпионаты болды. Онда аргентиналықтар финалда Испанияға 0:1 есебімен ұтылды.
Келісімшарттың ұзартылғанын бапкер Уругвайға қарсы матч алдында AFA басшылығымен бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"Мұның жүзеге асуына үлес қосқан баршаңызға рақмет. Мен бақыттымын. Көптеген отбасы үшін қиын кезең болып жатқанына қарамастан, бұл жаңалық маған зор қуаныш сыйлайды. Бәріміз де осыны қаладық.
Жұмысқа деген ынтам мен жігерім алғашқы күндегідей. Әйтпесе бұл қызметті атқару мүмкін емес, өйткені ол бар күш-жігеріңді салуды талап етеді.
Біз бәрін мұқият ойластырып, жақындарымызбен ақылдастық. Нәтижесінде ынтымақтастықты жалғастыру - ең дұрыс шешім деген қорытындыға келдік. Келісімге тез қол жеткіздік. Алда маңызды кезең күтіп тұр. Біз өздерін көрсеткісі келетін жас футболшыларға мүмкіндік бергіміз келеді.
Алғашқы күннен бергі ынтам еш өзгерген жоқ. Осы жолды бірге жалғастыратынымызға қуаныштымын", - деді Скалони.
Айта кетейік, Аргентина құрамасы енді Лионель Мессисіз жаңа кезеңге қадам басады. Ол ұлттық құрама сапындағы карьерасын аяқтау туралы шешім қабылдады. Биыл қазан айында Месси Аргентина жейдесіндегі соңғы матчын өткізді.
39 жастағы жұлдызды футболшы ұлттық құрама сапында 207 матчқа қатысып, 125 гол соғып, 68 нәтижелі пас берген.
Жарнама