Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони ұлттық командамен ұзақ мерзімді жаңа келісімшартқа қол қоюға жақын, деп хабарлайды Vesti.kz.
Журналист Диего Монроигтің мәліметінше, Аргентина футбол қауымдастығы 48 жастағы маманмен ауызша келісімге келіп қойған. Егер барлық құжатқа қол қойылса, жаңа келісім 2031 жылға дейін күшінде болады.
Аргентина футболының басшылығы соңғы жылдары ұлттық құраманы әлемдік футболдың шыңына қайта шығарған маманды сақтап қалуды көздеп отыр. Скалонидің жетекшілігімен Аргентина 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын жеңіп алды, 2022 жылғы Финалиссимада топ жарды. Сондай-ақ, команда 36 матч қатарынан жеңілмей, әсерлі серия тіркеді. Ал Скалони ФИФА нұсқасы бойынша жылдың үздік бапкері атанды.
Жаңа келісімшарттың ресми түрде 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін жариялануы күтіледі. Қазіргі уақытта Аргентина мундиальдағы жорығын жалғастырып жатыр. 1/16 финалда әлем чемпиондары Кабо-Верде құрамасымен кездеседі.
Жарнама