Америкалық "Интер Майами" клубының және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси МЛС матчында жарақат алып қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
38 жастағы шабуылшы матчта екі нәтижелі пас авторы атанып, командасының "Филадельфия Юнион" клубын 6:4 есебімен жеңуіне көмектесті. Алайда ол матчты толық ойнай алмады.
Ойынның 70-минутында Месси айып соққысын орындағаннан кейін жайсыздық сезініп, бапкерлер штабынан алаңда өзін ауыстыруды сұрады. Нәтижесінде 73-минутта аргентиналық футболшы алаңнан шықты.
ESPN мәліметінше, Мессидің жамбасының артқы бұлшықетіне зақым келген болуы мүмкін.
Бұған дейін Мессидің Аргентина құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған кеңейтілген тізіміне енгені хабарланған еді.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Аргентина құрамасы топтық кезеңде Алжир, Австрия және Иордания құрамаларымен кездеседі.
Айта кетейік, Аргентина құрамасы қазіргі әлем чемпионы.